Құрттың біз білмейтін пайдасы қандай?
Қазақтың ұлттық тағамының бірі — құрт. Алайда көпшілігіміз осы дәмді сүйіп жесек те пайдалы тұсын біле бермейміз. Ал дәрігер невролог, нутрициолог Ұлжалғас Тұрғынбайқызы Экспресс К тілшісіне құрттың пайдасы мен зияны туралы айтып берді.
Нутрициологтың айтуынша, бұл тағамның пайдасы өте көп. Өйткені оның құрамы дәрумендер мен минералдарға бай.
Ертеде ата-балаларымыз ұзақ жолға шықса, қалтасына құрт салып жүретін болған. Қазір де қазақтардың сөмкесінен міндетті түрде құрт табылады. Оның құрамында адам ағзасына қажетті дәрумен көп, — дейді Ұлжалғас Тұрғынбайқызы.
Маманның айтуынша, құрттың құрамында А, Е, Д, С дәрумендері бар. А дәрумені көздің көру қабілетін жақсартып, жасушалардың жаңаруына, иммунитеттің нығаюына ықпал етеді. Е дәрумені ағзаны оттегімен қамтамасыз етеді. Терінің сұлулығын сақтап, зат алмасу процесіне қатысады. Ал С дәрумені иммунитетті нығайтса, Д дәрумені зат алмасу процестеріне қатысып, калцийдің сіңуіне ықпал етеді. Құрттың өзі калций, калий секілді минералдарға бай.
Ұлжалғас Тұрғынбайқызының айтуынша, бұл тағамның пайдасымен қатар зиянды жағы да бар.
Бүйрек, бауыр, жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдар құртты өте аз мөлшерде тұтынғаны дұрыс. Себебі тағамның құрамында тұз көп, — дейді маман.
Сондай-ақ құрттың тағы бір пайдасы — лоқсуды басады, қарынды тоқ қылады.
"Бұны өзімнің жеке тәжірибемде қолданамын. Жүрек айнып, лоқсыған кезде жақсы басады. Тағы бір ескеретін нәрсе — құрт жегенде адам суды өзінің салмағына қарай ішкені жөн. Себебі құрттың құрамында тұздың мөлшері көп. Әрі қазір құрттың да түрі бар. Мәселен, райхан, жүзім қосылған құрттар бар. Сондықтан құрт пайдалы болса да, оны да мөлшермен жеген дұрыс, — дейді маман.