Құрманғазы күндері Ресейде өтеді
Жақын күндері Ресейде атақты Құрманғазы күйшінің құрметіне арналған іс-шаралар өтеді деп естіп едім. Осы жөнінде қысқаша білгім келеді.
Сапар Иманәлиев, Ақтөбе облысы
Қазір еліміздің әр өңірінде әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 190 жыл толуына орай түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. «Қазақпарат» мәліметтеріне сүйенсек, мұндай шаралар алдағы 30-31 мамыр күндері Ресейдің Астрахань қаласы мен Володар ауданындағы Алтынжар ауылында да кеңінен аталып өтпек.
Мәдени шара Құрманғазының Астрахань қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. Одан кейін Астрахань облысы губернаторы А.Жилкиннің қатысуымен салтанатты жиналыс болып, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi мен Астрахань облыстық губернаторы ансамблінің концерті өтеді.
Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, «Жолдастық» Астрахань аймақтық қоғамдық қазақ мәдени ұйымының төрағасы Ахмет Жаркеновтің сөзіне қарағанда, қазақстандық делегацияны Астрахань облысы губернаторы арнайы қабылдамақ. Сондай-ақ жексенбіде Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өлкелік мәдени орталық пен мұражайды аралап, күйші кесенесіне тағзым етіп, арнайы жайылған асқа қатынасады деп жоспарлануда. Мерекелік шара кезінде бағдарлама бойынша делегаттарға қаланың көрікті жерлерін аралап, Еділ өзенінде теплоходпен серуен құруға да мүмкіндік берілмек.