Құрлықтық хоккей лигасы қай елдікі?
Солтүстік Америкада Ұлттық хоккей лигасы бар. Кейінгі жылдары Құрлықтық хоккей лигасы деген шықты. Бұл Еуропанікі ме? «Қазцинк-Торпедо» мен «Сарыарқа» да осы лигада ойнай ма?
Қайрат Т., Алматы қаласы
Құрлықтық хоккей лигасы – халықаралық лига. Дәл қазір онда Ресейден 20 клуб ойнайды да, Қазақстаннан, Беларусьтан, Латвиядан, Украинадан, Чехиядан, Словакиядан – бір клубтан ғана. Олардың бәрі жыл сайын Гагарин кубогына таласады. Бұл лига 2008 жылы Ресейдің бастамасымен құрылған. Яғни лига – Ресейдікі, Еуропанікі емес. Бұл лиганың жеке басқармасы, басшы органы болып табылатын Директорлар кеңесі бар. Лиганың басшысы – Құрлықтық хоккей лигасының президенті және басқарма төрағасы Александр Медведев.
Бір қызығы, лиганың Ресей шайбалы хоккей федерациясымен арадағы келісімшарты бойынша Гагарин кубогын жеңіп алған клуб қай елдің командасы болсын Ресей чемпионы атанады. Бірақ аталмыш лига шаңырағын көтерген 2008 жылдан бері Ресейден басқа елдің командалары Гагарин кубогының иегері атанбақ тұрмақ, күміс және қола жүлделеріне де іліккен жоқ...
Негізі, лиганы құрушылардың мақсаты Еуропадағы хоккейі қарыштап дамыған елдердің ең үздік клубтарының басын қосып, өз қатарларына тарту еді. Сөйтіп, Еуропадағы барлық азулы командаларды өз додаларында ойнатып, Солтүстік Америкада Ұлттық хоккей лигасына бәсекелес болу-тын. Алайда әзірше Швеция, Финляндия және Австрия сияқты елдер өздерінің төл чемпионаттарының деңгейін түсіріп алмауды ойлап, ҚХЛ-ға қандай да бір клубтарын қосудан бас тартып келеді.
Өз кезегінде ҚХЛ басшылары да алып күшке айналуды көздеп, еуропалықтар үшін – жеке дивизион, Азия елдері үшін басқа дивизион құруды қарастырып келеді.
Қазірдің өзінде ҚХЛ-дың құрамына екі лига кіреді. Оның бірі – жоғары хоккей лигасы да, екіншісі – ізбасарлар өнер көрсететін жастар хоккей лигасы.
«Қазцинк-Торпедо» мен «Сарыарқа» осы жоғары хоккей лигасында ойнаса, «Снежные барсы» жастар хоккей лигасында шеберліктерін шыңдап жүр.