Құмар ойынға құмартпаңыз
Интернетте онлайн-казино жұмыс істейді деп естідім. Бізде оған рұқсат берілген бе?
Дәния Лесбекова, Орал
Заң бойынша бізде онлайн-казиноға тыйым салынған. Соған қарамастан, ғаламтор арқылы жұртты құмар ойынға тарту әрекеттері толастар емес. Жуырда офшорлы аймақ саналатын Нидерландтарға тиесілі Антиль аралдарында тіркеліп, біздің елімізде жұмысын жүргізген төрт интернет-казиноның сайты жабылды. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі хабарлағандай, онлайн-казино түріндегі құмар ойындар сайтын Батыс Қазақстан облысындағы Қаржы полициясы департаментінің ақпарат-талдау бөлімінің қызметкерлері интернет желісінде жүргізген мониторингтің көмегімен әшкерелеген.
Бұл сайттарға бұрын кез келген адам кіре беретін. Ал оған кіру үшін жай ғана тіркелу қажет еді. Қаржы банктің несие картасы немесе электрондық төлем жүйесі арқылы аударылып отырған. Ақшаны аударғаннан кейін сайтқа кірушілер блэкджет, рулетка, покер, сондай-ақ ойын автоматтарында ойнауға мүмкіндік алған. Қазір әлгі төрт интернет казиноға тосқауыл қойылды. Өзге де күмәнді сайттарды тексеру жүріп жатыр.