Жақында елімізде әйгілі Ақан серінің тұлпары Құлагерге ескерткіш орнатылатынын естіп едім. Бұл ескерткішті тұрғызу кімнің идеясы және ол нақты қай жерде бой көтермек?
Жуырда елордамыз Астанада өткен бір жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел Құлагерге ескерткіш орнатылатыны туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, мүсін Бішкек қаласында жасалып, қазіргі уақытта елордаға жеткізілген. Ескерткіштің ұзындығы – 8,5, биіктігі – 2 метр, ал салмағы – 6 тонна. Тұлпар сұлбасы таза мыстан құйылған. Тұлпарға арналған ескерткіш «Астана-Көкшетау» автобаны бойында бой көтереді. Ескерткіштің ашылу салтанаты 25 қазанда өтеді деп жоспарланған. Мүсін авторлары кең далада жүйткіп бара жатқан тұлпарды ұлы даланың, халқымыздың, ұлтымыздың символы ретінде көрсетуге тырысқан. Жобаны қолға алушылардың ойынша, алдағы уақытта Ақан серіге арналып мұражай кешені де ашылмақ екен.
Оқырман есіне сала кетейік: 1989 жылы Ерейментау қаласы мен Павловка ауылының ортасындағы дөңеске Құлагерге арнап ескерткіш орнатылған болатын. Алайда 1996 жылдың жазында түн жамылған ұрылар осы ескерткішті ұрлап кеткен еді...