Қолхаттың да түр-түрі бар
«Астық қолхаты» деген құнды қағаз бар екенін білемін. Алайда оның не үшін керек екенін және қалай жұмыс істейтінінен хабарсызбын. Сол жөнінде ақпарат берсеңіздер екен?
И.Садықова, Атырау қаласынан
Астық қолхаты – астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қосарлы куәлiк. Мұндай заңдық күші бар құжаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесi астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешенi болып табылады. «Астық қолхаттары институты 2001 жылы құрылған және осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін көрсетті» – дейді сарапшылар. Алайда қазіргі кезде электрондық астық қолхаттары жүйесіне өзгерістер енгізу көзделуде. Атап айтсақ, бұл жүйені электрондық астық қолхаттары саласындағы басқа да ұғымдармен толықтыру ұсынылып отыр. Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері Қазақстанның астық орнына қолхат беру жүйесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы таңдаулы жүйе деп таныған болатын. Тағы бір айта кетерлігі, астық қолхаты жүйесі мен оларға қатысты міндеттемелерге кепілдік беру схемасын мақта және күнбағыс тұқымы тәрізді ауыл шаруашылығының басқа да өнім түрлеріне қолдану мәселесі көтерілуде.