Қол добын Хольгер ойлап тапқан
Өздеріңіз «қол добы» деп жүрген гандбол ойыны жайлы білгім келеді. Тарихына тоқталып өтпес пе екенсіздер?
Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ, Алматы қаласы
Допты қолмен ойнайтын ойын туралы Гомердің «Одиссей» поэмасында да айтылады. Сондай-ақ орта ғасырлардағы басқа да ақындардың туындыларында атап өтілген. Десек те, қазіргі гандбол ойынын ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында дат футболшылары ойлап тапқан. Дания футболшылары гандболды қыс мезгілдерінде ойнаған. Футболдан айырмашылығы: гандболды аяқпен емес, қолмен ойнайды және әрбір команданың сапында алты ойыншы, бір қақпашы болады. Халықаралық гандбол федерациясының бекітуінше, гандболдың нақты шыққан уақыты – 1898 жыл. Себебі дәл осы жылы Данияның Ордруп қаласындағы дене тәрбиесі училищесінің мұғалімі Хольгер Нильсен қыздар тобындағы дене шынықтыру сабағына қолмен ойнайтын ойын енгізеді. Бұл ойын «Хаандболд» («хаанд» – қол, «болд» – доп) деп аталған.
Гандбол тарихын қазбалай берсек, чехтардың да «хазена» (лақтыру, соғу) деген ұлттық ойындары болғанын білуге болады. 1917 жылы берлиндік Макс Хайзер екі ойыннан әйелдерге арналған, «қол добы» деп аталатын жаңа ойын түрін ойластырып шығады.
1928 жылы Амстердамда гандбол ойынының Халықаралық әуесқой федерациясы құрылады. Бұл федерация 1944 жылға дейін гандбол ойынын дамытуға өз үлесін қосқан. 1946 жылы Халықаралық гандбол федерациясы құрылады (IHF).
Осы екі федерацияның ережелері бойынша әу баста гандболды 7 адамнан да, 11 адамнан да ойнаған. Тіпті әлем чемпионаттары да ұйымдастырылған. 11 адамнан ойнайтын гандболдан ерлер арасында жеті, ал әйелдер арасында үш әлем чемпионаты өткізілген. 1966 жылы 11 адамнан ойнайтын гандболдан соңғы әлем чемпионаты өтіп, содан соң 11х11 үлгісіндегі гандболдың халықаралық аренадағы ғұмырына нүкте қойылған. Содан бері 7х7 үлгісіндегі гандбол емін-еркін даму үстінде.