Адамның қиялында шек жоқ дейміз. Оны әркім әрқалай түсінеді. Жалпы, қиялдың ғылыми анықтамасы бар ма?
Қиял дегеніміз — сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективтік образдарын қайтадан жаңартып, өңдеп, бейнелеуде көрінетін, тек адамға ғана тән психикалық процесс. Адамдардың қиялына тән кейбір ерекшеліктерді төмендегіше топтастыруға болады:
• әр адамның қиял ерекшеліктері оның жеке қасиеттеріне, алдына қойған мақсатына байланысты болып келеді;
• қиялдың мазмұны мен формасы адамның жас ерекшеліктеріне де, білім тәжірибесіне де байланысты болады;
• қиял адамның өскен ортасына, этностық ерекшелігіне, қоршаған ортасына да байланысты болады;
• қиял адамның барлық психикалық құбылыстарымен ұштасып жататын процесс.
Мәселен, алға қойған мақсатты жоспарлап, жүзеге асырудың жолдарын іздестіру қиялсыз мүмкін емес. Бұл – қиялдың ерікпен байланысына жақсы мысал.
Қиялдың ойлау процесінде алатын орны ерекше. Өйткені ойлау белсенділігі адамды шығармашылық әрекетке жетелейді. Ал ондай әрекет қиялдың өте күшті дамуын қажет етеді. Ойлау мен қиял бір-бірімен тығыз байланысты. Жан қуаттарының осы екеуі де мәселені шешуге, сұраққа жауап беруге қатысады. Бірақ қиялда мәселені шешудің өзіндік ерекшелігі болады. Қиял – мәселені суреттеу, жанды көрініс арқылы шешсе, ойлау оны тірі суретсіз жалпылай, ұғым, пікір, тұжырым түрінде шешеді.
Адам санасының жануар психикасынан басты айырмашылығы адамда ойлаумен қатар қиял әрекетінің болғандығында.