Мен қалада тұрамын. Қазы мен шұжықты үй жағдайында қалай дайындайды және оны қалай сақтауға болады? Жалпы, бір жылқыдан неше қазы айналдырып алуға болады?
Сәния БЕРСІМБЕКҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Семіз жылқыдан 24 қазыға дейін айналдырады. Қазы айналдырар алдында жылқының екі жақ сүбе қабырғасын екі бөлек алып, екі жағынан керіп, 5-7 сағатқа іліп қойып, сорғытады. Қазы айналдыратын ішекті бірер сағат тұзды суға салып қояды. Айналдыратын қазы мен шұжыққа қатты ағаш жаңқаларынан, тобылғыдан үшкір істіктер әзірлейді. Тобарсыған қазының етегінің қалың-жұқалығына қарай, одан неше қазы шығаратыны мөлшерленеді. Өйткені қалың қазы енсіз, жіңішке тілінеді де, жұқа қазы жалпақтау тілінеді. Әйтпесе, жалпақ тілінген қалың қазы ішекке сыймай, айналдыруға келмейді. Айналдырар алдында қазыны тұздайды. Оған сондай-ақ қара бұрыш қосуға болады. Қазының атаулары дәмі мен түрлеріне сай кере қазы, тең, сере қазы, табалдырық (табан) қазы, би қазы, дөңбек қазы, шынтақ қазы деп жіктеледі.
Ал шұжық жасау үшін жылқының шикі етін, іш майын турап, оған жуа, сарымсақ, тұз, бұрыш қосады. Оны жылқының іші-сырты әбден жуылған ішегіне салып, тығыздайды. Ішіне ауа жібермейтіндей етіп, екі жағын мықты жіппен буады. Сәл тобарсытып, көлеңкеге іліп қойып кептіріп алады. Қазы мен шұжықты тоңазытқыштан гөрі ауылдық жердегідей, ұнға салып сақтаған дұрыс.