Қазақстан – Ирландия: билет қанша тұрады?
Астанада футболдан Қазақстан және Ирландия құрамалары кездеседі. Осы матчтың билеттері қанша тұрады екен?
Талғат ҒАЗИЗҰЛЫ, Астана қаласы
Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін Қазақстан футбол федерациясының Қоғаммен қарым-қатынас жөніндегі департаментінің жетекшісі Измаил Бзаровпен хабарласып, төмендегідей жауап алдық:
– Билеттер бүгіннен бастап сатылымға шыға бастады (кеше хабарласқан болатынбыз). Яғни 27 тамыздан бастап «Меломан» желісі дүкендерінде, «Кинопарк» (Астана) желісі кинотеатрларының және Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның кассаларында сатыла бастайды. Ал 5 қыркүйектен бастап осы матч өтетін «Астана-Арена» стадионының кассаларында да сатылады.
Билет құны:
«Солтүстік» және «Оңтүстік» трибуналарда – 500 теңгеден;
«Шығыс» трибунасында – 1000 теңгеден;
«Батыс» трибунасының І дәрежелі секторларында – 2000 теңгеден;
«Батыстың» қалған трибуналарында – 1000 теңгеден.
Қосарым, Ирландия құрамасы – биыл маусым айында өткен Еуропа чемпионатына қатысқан азулы команда. Құрамында Робби Кин, Джон О'Ши, Эйден МакГиди және басқа да Еуропаға танымал футбол саңлақтары ойнайды. Ал Ирландия құрамасын Еуропа футболының әйгілі маманы, білікті бапкер Джованни Трапаттони жаттықтырады.