Қазақ радиосының атасы кім?
«Қазақ радиосының атасы – Әнуарбек Байжанбаев» деген сөзді жиі естиміз. Сол кісі жайында аз-кем мәлімет берсеңіздер...
Айбек Шалқарұлы, Алматы облысы
«Қазақтың Левитаны» әрі «Қазақ радиосының атасы» атанған әйгілі диктор, ҚР Халық әртiсi Әнуарбек Байжанбаевтың дүниеден өткеніне де жиырма жылдан асты. Оның әкесі Нығметжан Байжанбайұлы ақынжанды кiсi болған. Шыңғыс тауының бөктерiнде туып-өскен. Әнуарбек Байжанбаев еңбек жолын «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң баспаханасында хат-қағаз тасушы болып бастаған. Қазақтың классик жазушылары М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин сынды ел ардақтыларымен таныс-бiлiс болыпты. Ақын Әбу Сәрсенбаевтың ақыл-кеңестерiн көп тыңдаған. Сөйтiп жүрiп осы қаладағы №18 мектептi үздiк бiтiрiп, 1940 жылы Қазақ коммунистiк журналистика институтына оқуға түскен. Кейiн соғыс басталғанда алғашқылардың бiрi болып майданға аттанған. 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Бiр жылдан кейiн осы Қазақ радиосына диктор болып қызметке тұрады. Содан өмiрiнiң соңына дейін осы қара шаңырақта қызмет етті. Кезінде радиодағы қызметімен қосымша Қазақ телевизиясы мен «Қазақфильм» киностудиясында дубляжда да жұмыс істеген. Әнекеңнің ең жақын араласқан адамы, Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен қазақ – Рахымжан Қошқарбаев болған.