Қазақ радиосының алғашқы басшылары кімдер?
Қазақ радиосына 90 жыл толғанын күнделікті естіп-біліп отырмыз. Радионың тарихын, ондағы алғашқы басшылардың кімдер болғанын білгім келеді.
Асқар БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы
Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болды. Онда қазан айынан бастап Орынбордағы радиостансы арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық берілді. Бұл республика әуе толқыны арқылы көпшілікке арналып берілген алғашқы радио хабарлары еді. Алматы радиостансысы 1931 жылғы 1 мамырда ашылды. Алайда оның хабарлары маусымның бас кезінде ғана тұрақты түрде таралып, көлемі тәулігіне алғашқыда – 4 сағат, кейінірек 6 сағаттан 12 сағатқа дейін жеткізілді. Алғашқы кездері Қазақ радиосын басқарған Ертай Арысов, Бек Дәулетбаев, Нияз Сыздықов, Абай Өтегенов, Кенжебек Есімов есімді азаматтардың есімін ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар кеңестік жүйенің қырағы бақылауынан тайсалмай, қазақтың ұлттық үнін жеткізуге ұмтылды. Қоңыр дауысы «Алтын қордың» төрінен орын алған Әнуарбек Байжанбай, Сауық Жақанова тәрізді дикторлардың есімдері радионың тарихында алтын әріппен мәңгілікке жазылып қалды.