Қазақ киносының тарихы қай кезден бастау алады? Елімізде алғашқы кинотеатрлар қашан ашылды?
Айдар ҚҰМАРҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Тарихи дереккөздерге сүйенсек, қазақ киносы Қазан төңкерiсiнен кейiн пайда болды. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда барлығы 13 жекеменшiк кино залы жұмыс iстедi. Олар негiзiнен iрi қалаларға (Семей, Павлодар, Өскемен, Ақмола (Астана), Қостанай, Ақтөбе т.б.) орналасты. Верный (Алматы) қаласында бiрiншi киносеанстар 1910 жылдан көрсетiле бастады. Киноның алғашқы белсендi насихатшыларының бiрi Әліби Жангелдин болды. Ол 1913 жылы Еуропа мен Азия елдерiнде саяхатта болып, Испания, Үндiстан, Қытай т.б. елдердiң өмiрiнен түсiрiлген этнографиялық, тұрмыстық мазмұндағы 40-қа жуық лента мен жылжымалы кинопроектор алып келдi. 1925 ж. Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерiнiң 5-съезiн Мәскеу киношежiрешiлерiнiң пленкаға түсiруi Қазақстандағы бiрiншi кино түсiру қадамы болып саналады. Сол жылы орталық «Культкино» студиясы жасаған «ҚазКСР-нiң бір жылдық мерекесi» атты тұңғыш деректi фильм шықты. Осы кезден бастап Қазақстанда киноның негiзгi түрлерi: көркем фильм, ғылыми-көпшiлiк кино, деректi кино және мультипликациялық кино, әдеби шығармашылықтың бiр саласы, фильмнiң әдеби, көркемдiк негiзi болып табылатын – кинодраматургия, кино өнерiнiң жанры, бейнелеу құралдарының бiрi – киномузыка және тұтастай кино өнерi мен оның ерекшелiктерiн, түрлерiн және жанрларын зерттейтiн ғылым саласы – кинотану ғылымы дамыды. Еліміз Тәуелсiздiк алғаннан кейiн де қазақ киносы өзiнен бұрынғы дәстүрдi лайықты жалғастыра отырып, әлемдiк кино өнерi туындыларының байқауларында жүлделi орындарға ие болып келеді.
Қазақ киносының негізі қалай қаланды?
Последние статьи автора