Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары
Патша өкіметі заманында да, одан кейін де Қазақстанда түрлі басылымдар болғаны белгілі. Солардың арасынан алғаш жарық көргендері қайсысы?
Жанболат АЙДАРБЕКҰЛЫ, Тараз
1870 жылдың 10 мамыры күні Түркістан генерал-губернаторы кеңесінде орыс, қазақ және өзбек тілдерінде «Түркістан уалаятының газеті» деген атпен бүкіл Орталық Азиядағы тұңғыш газет шықты. Ол айына төрт реттен жарық көріп отырды. Газеттің редакторы – ұлты башқұрт, Шахмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Мұнан кейінгі басылым – «Дала уалаяты» газеті. Ол 1888 жылдан 1902 жылға дейін аптасына бір рет шығып тұрды. Шәймерден Қосшығұловтың редакторлығымен 1907 жылы «Серке» газеті жарық көрді. Алайда ол үш-төрт нөмірі басылғаннан соң тоқтап қалған. Бұлардың барлығы орыс, қазақ тіліндегі аралас тілді газеттері еді. 1911 жылы қаңтардан бастап қазақ тіліндегі тұңғыш журнал «Айқап» жарық көрді. «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде әдебиет пен мәдениетті насихаттап, таратуда елеулі рөл атқарды. Ол араб әрпімен теріліп, алғашында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрған. Бас редакторы Мұхаметжан Сералин болды. «Қазақстан» газеті 1911 жылы 16 наурыздан бастап шықты. Газеттің редакторы Елеусін Бүйрин болды. 1911 жылдың 16 наурызынан бастап «Қазақ» газеті шықты, редакторы – Ахмет Байтұрсынов. Бұдан бөлек алғашқы қазақ мерзімді басылымдарының қатарына «Алаш», «Уақыт», «Тәржіман», «Шолпан», «Мұғалім» секілді газет-журналдарды жатқызуға болады.