«Қазақ» атауының шығуында діни астар бар ма?
«Қазақ» атауының шығуына ислам дінінің ықпалы болған дегенді естіп едім. Бұл қаншалықты шындыққа жанасатын пікір екенін білгім келеді.
Гүлім, Астана қаласы
Әрине, «қазақ» этнонимінің шығуы жайлы түрлі пікірталастар бар. Соның бірі бұл атауды ислам дінімен байланыстырады. Бұл жөнінде дінтанушы, заңгер Мұқан Исахан жиі айтып жүр. Ол кісінің пікірінше, Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Шайбани әулетімен екі арада Сыр бойы өңірі үшін 50 жылдай үздіксіз соғыс жүрген. XVI ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани Самарқанд пен Бұқардың молдаларына қазақтарға қатысты «мүшрік» деп пәтуа шығартып, ғазауат жарияламақ болған. Мұқан Исахан бір сұхбатында: «Бұл ислам әлемінің қолдауына ие болу үшін жасалған саяси қулық еді. Сол кезде Дешті Қыпшаққа аяқ басқан ғұламалар халқымыздың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, өмірлік ұстанымын зерттеп, «бұлар мүшрік емес, «қаза хақ» («хақ жолындағылар) деген үкім шығарған» дейді. Сіздің айтып отырғаныңыз осындай пікірлер болса керек.