Қасым ханның жарғысы әдет-ғұрыпқа негізделіп жасалған
Қасым ханның қасқа жолында қандай ережелер қамтылғанын жазсаңыздар екен. Қасымның заңдары қазақтың әдет-ғұрыптық дәстүрімен астасып кеткен деген пікір негізді ме?
Гүлдана, Семей қаласы
Қасым хан билік құрған соң, қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында біраз қадамдар жасады. Ол бұл жолда әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастады. Осылайша Қасым хан бұқараға Құран талаптарына қайшы келмейтін, қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтайтын заң ұсына білді. Мысалы, осы арқылы хан жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік т.б. секілді салаларда жетістікке жетті. Бұл заңға енген ережелер мыналар: мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы); қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу); әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат); елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық); жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері. Бұл жарғы халық арасында ілтипатпен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті.