Қастеев мұражайы қашан құрылған?
Жақын күндері Алматыға жолым түскелі отыр. Онда қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеев атындағы мұражай барын білемін. Бұл мұражай қашан құрылған және онда қандай дүниелер бар?
Болат Бекенұлы, Қызылорда қаласы
75 жылдық тарихы бар Алматыдағы Мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы еліміздегі өнер саласындағы белгілі ғылыми-зерттеу мен мәдени-ағарту орталығы болып саналады. Мұражайдағы бай және алуан түрлі жинақтар Қазақстан, Еуропа, Ресей, Шығыс және басқа да шетелдердің көркемөнер мәдениеті туралы айқын түсінік бере отырып, бұрынғы және қазіргі кездегі шеберлер шығармашылығымен таныстыра алады.Бүгінгі таңда мұражай қорында 22 000-нан аса экспонат жинақталған. Әлемдік және ұлттық мәдени құндылықтарымыз мұражайдың 14 залына іріктелініп қойылған. Мұражайда Батыс Еуропа елдерінің тамаша қойылымдарымен де танысуға болады. Экспозицияда ХVІ-ХІХ ғасырлардағы батыс елдерінен шыққан көркемсурет мектептерін ұйымдастырушы өнер шеберлерінің туындылары жинақталған. Қастеев мұражайының ғылыми қызметкерлері әр уақытта қор жинау, экспонаттарды ғылыми өңдеу, сақтау, қайта жаңғырту ісінде мол тәжірибелерін жүзеге асырып отырады. Қазіргі кезде мұражай жаңа мәдени бастамалардың орталығына айналып отыр. Өнер мұражайының кең де жан-жақты қарым-қатынастарының негізінде жүріп жатқан жұмыстары, өзінің тұрақты қойылымдары мен уақытша көрмелері жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Қазақстан шеберлерінің еңбектерінен, жақын және алыс шетел суретшілерінің шығармаларынан ұйымдастырылатын көрмелер, жеке жинақшылардың көрмелері, жыл сайын өткізілетін галереялар парады өнерсүйер қауымның қызығушылығын күннен-күнге арттыра түсуде.