Қарсы құдалық қазірде де бар
Қазақ халқының салтында «қарсы құдалық» деген де болған екен. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақтар қарсы құдалыққа қалай рұқсат еткені мен үшін түсініксіз. Бұл қалай?
Әмина БАЛАБЕКОВА, Қапшағай қаласы
Қазақ халқының неке салтында болған әдет-ғұрыптың бірі — қарсы құдалық. Бұл — ертеде қалың малын беріп, үйленуге жағдайы келмейтін кедей адамдардың арасында болатын үрдістердің бір түрі. Тұрмысы төмен мұндай отбасылардың балаларына ағайын-туғандары қарсы құдалық арқылы үйленуге жағдай жасап отырған. Яғни баласын қарсы жақтың қызына үйлендіріп, өз қызын ол жақтың ұлына күйеуге берген. Бұлар аталас емес, сондықтан жеті атаға дейін қыз алыса берулеріне болады.
Қазір де қарсы құдалық арқылы құда болып жатқандар жиі кездеседі. Бірақ бұрынғыдай амалсыздықтан емес. Екі жақтың жастары той кезінде танысып, табысып, құда бала мен құдашаның көңіл жарастырып, жұптасып жатқандары аз емес. Демек, бұл да қарсы құдалық болып есептеледі.