Қарақұмық ботқасының салмақ жоғалтуға пайдасы зор екен
Мен биыл салмақ қосып, әжептәуір толып кеттім. Енді өзімді қолға алып, кішкене арықтауым керек болып тұр. Қарақұмық ботқасының салмақ жоғалтуға әсері зор деп естіп едім, былай да пайдалы ғой. Бірақ оның құрамында қандай пайдалы заттар бар екенін және салмақ жоғалтуға шынымен де пайдасы бар ма, жоқ па, білмеймін.
Мәншүк АСЫЛОВА, Алматы қаласы
Дұрыс айтасыз, қарақұмықтың пайдасы көп. Қарақұмықтың құрамында өсімдік нәрі, калий, фосфор, магнезия, фолий қышқылы бар.
Ол тазартылмаған көміртек болғандықтан, құрамындағы глюкоза қанға баяу сіңіріледі. Сондықтан арықтаушылардың ең бірінші қаупі — инсулиннің жоғары көтерілуіне жол бермейді. Қарақұмықты пісіріп, құр өзін де немесе кез келген тағаммен қосып та жей беруге болады. Мысалы, саңырауқұлақпен, етпен, көкөніспен.
Қарақұмықты бір қайнауы кем етіп пісіру қажет, жарма кішкене қаттылау болғаны жөн. Себебі ол асқазанда ұзақ қорытылады да қанның құрамына глюкоза аздаған мөлшерде ғана сіңеді. Майдаланған қарақұмыққа жоламаңыз, өйткені ол езіліп пісетіндіктен, асқазанда тез қорытылып, инсулиннің көтеріліп кетуіне әкеп соғады. Ал арықтау үшін ботқаны тұзсыз суда, ешқандай дәмдеуіш қоспай әзірлеген пайдалы. Қарақұмық ботқасын жеген соң соңынан айран ішіп жүрген дұрыс.