Қанша қазақ шоқынды?
Патша өкіметінің шоқындыру саясатының жемісі қандай, шоқынған қазақтардың саны белгілі ме?
Нұрбек, Қызылорда
Қазақтарды шоқындыру ісі ішінара бытыраңқы сипатта жүргізілген еді. Жалпы, патшаның қол астындағы ұлттардың ішінде шоқындыру саясатына үлкен қарсылық көрсеткен халықтардың бірі – қазақтар. Ол кезде шоқынған қазақтардың саны да аз болған. Алайда шоқынған қазақтар туралы жинақталған мәліметтер жоқ. Мұрағаттағы мағлұматтар тек жеке жылдар, жекеленген аудандар бойынша ғана кездеседі. Мысалы, Батыс Қазақстан өңірі бойынша 1813 жылғы мәліметте шоқынғандардың саны 25 адам болса, осы ауданда 1850-1855 жылдары 104 қазақ шоқындырылған, 1856-1864 жылдары Омбы уезінде осындай қазақтардың саны 147-ге жеткен. Ал Семей аймағы бойынша шоқынған қазақтар 1892-1899 жылдары 148 адам болған (сауалға тарихшы Тілеу Көлбаев жауап берді).