Құрамында гормоны бар дәріден вирус көбейіп, ағзада ұзақ өмір сүреді. Ал аспирин мен парацетамолды мөлшерінен көп ішсе, асқазан мен ішектің жұмысына кері әсер етеді. Бауырға да зиян. Сондықтан мамандар дәріні беталды ішпеуге кеңес береді. Бірақ жұрт бұл препараттарды қорап-қорабымен сатып алып, профилактикалық мақсатта қолдануын тоқтатар емес.
Індет қанат жайғалы өз-өзін емдеп, түрлі дәрі ішетіндер көбейді. Тіпті жұрт денсаулығы сыр бермесе де, вирустан қорғану мақсатында небір препараттарды сатып алуда.
Ал дәрінің бағасы мен кері әсеріне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Тұрғындар дәріханалардағы ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрып, парацетамол, аспирин және гормон дәрілерді артығымен әкетіп жатыр.
Гаухар Ермашева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Цитрамон, парацетамол, аспиринді 5 данадан алып жатырмын. Үйдегілердің бәрі бір-бір ауырып тұрды. Енді жағдай қайталанып жатса, дәрі іздеп сабылмайық деп алдын ала қамданып, артығымен алып қоймақпын. Өйткені дәріханадағы жағдайды өздеріңіз де көріп тұрсыздар.
Дәрігерлер беталды дәрі ішпеуге кеңес береді. Өйткені, препараттарды көп мөлшерде ішу бірінші кезекте бауырға кері әсер етеді. Сондай-ақ, ішек жолдары мен асқазанға зиян.
Ал қазір жұрт жаппай алып жатқан гормоналды дәрілер вирустың көбейіп, ұзақ өмір сүруіне жағдай жасайды екен. Сондай-ақ, адамның иммунитетін әлсіретуі мүмкін.
Ләззәт Ералиева, Инфекционист дәрігер:
- Парацетамол вирустан қорғамайды. Оны тек дене қызуын түсіру үшін ішеді. Оны мөлшерінен көп пайдаланса, асқазан мен ішек жолдарының жұмысын бұзып, жүрек айнуын тудырады. Аспирин де тура солай. Әр дәрінің ішу мөлшері бар.
Ал, гормон дәрілерді тек жағдайы ауыр науқастар ішуі керек дейді маман. Онда да препаратты дәрігер тағайындауы тиіс.
Сондықтан, індеттен қорғанамын деп, өзге ауру тілеп алудан сақтаныңыз.