Қаламгердің қандай шығармалары кең таралған?
Көрнекті әдебиетші ғалым, Зейнолла Қабдоловтың жазушы ретінде қандай еңбектері кең таралған?
Гүлмира Дәулетқызы, Талдықорған қаласы
Зейнолла Қабдолов «Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. Жазушыға «Менің Әуезовым» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Тұңғыш көлемді шығармасы – «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ тілінде, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы журналистердің қажет кітаптарына айналды.
Аударма жұмыстарымен де айналысып, А.Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горкийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған.