Қою қас, қарақат көз бен қайырылған қалың кірпік – әр арудың арманы. Сондықтан да көпшілігіміз қас-кірпігімізді өсіруге талпынып жатады. Осы орайда кірпікті қалай тез өсіруге болатыны жайлы айтсақ.
Маскалар
Май жақпай, кірпікті өсіремін деу бос әурешілік. Кірпігіңіз тез өссін десеңіз, бадам майын, шырғанақ және шабдалы майларын қолданыңыз. Бұлар кез келген дәріханада арзан бағамен сатылады. Кірпігіңізге жағыңыз. Ыңғайлы жағылуы үшін кірпік бояуының құтысына құйып, щеткасын қолданыңыз. Бастысы, май көзіңізге тамып кетпесін. Қанша уақыт жүрсеңіз де, майдың еш зияны жоқ. Ал нәтижесі тезірек көрінсін десеңіз, майды сәл қыздырып (бу ваннасына) жаққаныңыз дұрыс.
Бұл майлардан өзге үпілмәлік өсімдігінің (касторовое масло) және түйеошаған майын (репейное масло) кірпікке жасалатын масканың құрамында қолдануға болады. Кейбіреулер аталған майларды тек өздерін қыздырып қана жағып жатады. Десе де оның пайдасы қосымша элементтермен бірге көбірек болмақ.
Үпілмәлік және түйеошаған майын бірдей мөлшерде (1 шай қасық) араластырып, оған алоэ гүлінің шырынын қосыңыз. Бұл масканың құрамына сондай-ақ А, Е дәрумендерін де қосуға болады. Масканы бір сағаттан соң кірпігіңізден тазалап алу керек.
Бірдей мөлшерде үлпілмәлік майы мен коньякты (коньяк орнына алоэ шырынын қолдануға болады) араластырып, кірпікке жағу керек. Бұл масканы күн аралатып қолданыңыз.
Компрестер
Дәріханадан түймедақ (ромашка), кекіре (василек), қырмызы (календула) сияқты шипалы өсімдіктерді бірдей мөлшерде алып, олардың қайнатпасын 37-38 градусқа дейін суытып алып, мақтаға сіңіріп, көзімізге 20 минут басамыз. Олардың да пайдасы мол. Егер бұл өсімдіктер болмаса, қою қара шайға мақтаны батырып алып, көзіңізге қойыңыз. Сонымен қатар қалташадағы шайды (чай в пакетиках) ішкеннен кейін оны көзіңізге қоюға болады.
Жоғарыда аталған әдістерді үнемі қолданып жүрсеңіз, кірпіктеріңіз де көп күттірмей, қалың болып өседі.