Қай қаланың халқы көп?
Тұрғын халқының саны бойынша көшбасшы қалалар жайлы сұрағым келеді. Естуімше, Мексика астанасы алғашқы орында көрінеді. Өзге қалалар жайлы мәліметтерден хабарым жоқ. Осы туралы жан-жақты жазып берсеңіздер.
Гүлмира Мейрамбекқызы, Астана
Иә, дұрыс айтасыз, әлем қалаларының ішінде Мехикода (18 млн 841 мың 916) ең көп халық тұрады. Ендеше халқы көп алғашқы он қала туралы айтайық. Екінші сатыда Қытайдың Шанхай шаһары. Онда 18 млн 492 мың 800 адам тұрады. Үштікті Пәкістанның Карачи (18 млн 140 мың 600) қаласы қорытындылап тұр. Әлемнің ең үлкен қаласы Токионы қазіргі күні 18 млн 742 мың 995 тұрғын мекендейді екен. Бесінші сатыда Түркияның Ыстамбұл (16 млн 767 мың) қаласы болса, одан кейін Үндістанның бұрынғы Бомбей, қазіргі Мумбаи шаһары 13 млн 922 мың 125 адаммен орналасқан екен. Жетінші орын Буэнос-Айрес (13 млн 356 мың 715). Бангладештің Дакка қаласы (12 млн 725 мың) сегізінші, Филиппиннің Манила қаласы (12 млн 285 мың) тоғызыншы орында тұр. Ондықты Дели шаһары қорытындылапты. Үндістан астанасында 11 млн 954 мың 217 адам тіркелген екен.