Психолог баланы қорқытып тәрбиелеу неге әкелетінін айтты
Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев баласын қатал тәрбиелейтін ата-аналарға кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кім ата-анасынан таяқ жеп темекісін тастады? Керісінше баланы қателігі үшін ұрып-соқсаңыз келесіде ол білдіртпей істеу жағын ойлайды. Жалпы, қорқудың адамға ешқандай пайдасы жоқ. Адам психологиясы үшін қорқу деген өте ауыр сезім. Адам әркез қорқынышта өмір сүре алмайды. Бала кезіңізде қандай зорлық-зомбылық көрсеңіз де, психикаңыз сізге қорқыныш әкелген дүниелерді уақыт өте келе ұмытады, - деді маман «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты Республикалық Тамыз конференциясында.
Мырзабаевтың атап өтуінше, әлемде мектептегі оқушыны ұрысып оқытатын әдістеме жоқ. Оның сөзіне қарағанда, бала тәрбиесінде «қорқыту» пайдасыз.
Мәселен, балаңыз тәртіптсіздік жасады делік. Ал сіз сол үшін балаға ұрыстыңыз. Оны кемсітіп, сол кезде ұрдыңыз. Сол сәтте бала «иә, иә, болды істемеймін» дегенмен сыртқа шыққанда ми ол сезімді ұмытады. Келесі апта бала сол ісіне қайта басып, тәртіпсіздік жасайды. Ол кезде «мен саған олай істеме деген жоқпын па?» деп қайта ұрсамыз. Айтпағым, қорқу сезімінің балаға еш пайдасы жоқ, - дейді Ержан Мырзабев.