«Примадонна» деген кім?
Алла Пугачеваны Ресей эстрадасының примадоннасы деп атайды. Осы атау қазір тіпті сәнге де айналғандай ма... Сөздің шығу төркіні қандай және не мағына береді? «Примадонна» атағын кім тағайындайды?
Сәния Оразбекова, Талдықорған қаласы
Негізі, о баста опера театрында жетекші партияны орындаушы әйел актрисаны осылай атайтын болған. Ал сөздің шығу төркіні итальяндық түбірге ие, қазақша мағынасы «бірінші ханым» дегенді білдіреді. Келе-келе «примадонна» ұғымы өнердің басқа салаларына да ауысты.
Негізі, примадонна атану оңай емес, ол үшін әлгі актриса не әнші, әйтеуір, өнер иесі өз саласында кез келген рөлді, әнді, операны шебер орындай алатындай шеберлікке ие болуы керек. Мәселен, кеңестік цирк өнерінің примадоннасы Бугримова өзінің соншалықты өнеріне астамсып кетпей, қарапайым күйінде қала білгендіктен, тіпті қойнаудағы ауылда болсын аренаға шығып өнер көрсетуден ешуақытта бас тартпаған.
Кейде сценарийі әлсіз фильмдердің өзін бойындағы асқан талантының арқасында жарқыратып жіберетін примадонна-актрисалар болады. Ал примадонна атағын ешқандай бір құзырлы орган, басшылық емес, тек халық, яғни көрермен ғана бере алады.