Прима қобыз қандай болады?
Менің сіздерден сұрайын дегенім: қазақтың қобыз деген аспабының қыл қобыз, прима қобыз деген түрлері бар. Олардың айырмашылығы неде?
Қуаныш ҚИБАДОЛЛАҰЛЫ, Тараз
Сұрағыңыз өте қызықты әрі орынды, себебі қобыздың сіз атаған түрлерінің, шынымен де, айырмашылығы баршылық. Біріншіден, қыл қобыз – қазақтың төл аспабы. «Қарағайдың түбінен ойып алған қобызым, үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым» деп жырлағандай, қыл қобыз ойылып жасалады. Оның дыбысы да жеті қат жер астынан шыққандай мұңды. Күңіренген сарын басым. Ішегі қылдан жасалады. Ал прима қобыз – заманның талабына сай оркестрге лайықталып жасалған аспап. Оны белгілі музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов алғаш ұлт аспаптар оркестрін құрған кезде, скрипка сынды жоғары дыбысты аспап қажет болғандықтан, ойлап шығарған. Оның ішегі қылдан емес, сымнан жасалады.