Посткеңестік кеңістікте мемлекеттілігі ең берік елдер – Қазақстан мен Украина
Жуырда Қырғызстанда орын алған тұрақсыздықтар бұл елдің мемлекеттілігіне күмән тудырды. Әлемде мұндай елдер көп пе?
Сағат ҚАБЫЛБЕК, Алматы облысы
«Әлемдік қор» ұйымы және беделді Foreign Policy журналы әлемнің ең тұрақсыз елдерінің жыл сайынғы рейтингін жариялады. Биылғы зерттеуде 177 ел негізге алынды. Мемлекеттілігіне дабыл қағарлықтай қауіп төніп тұрған елдердің қатарына Сомали, Чад, Судан, Зимбабве, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африкалық Республика, Гвинея және Пәкістанды жатқызыпты. Зерттеудің бір кемшілігі – жақында ғана тұрақсыздықтар орын алған Қырғызстанның ахуалы ескерілмеген. Ал тізімнің ең жоғарысында 177-175-болып, Норвегия, Финляндия, Швеция елдері тұр. Посткеңестік елдердің қатарынан Өзбекстан, Гүржістан, Тәжікстан елдері өте төменгі көрсеткішке ие – 36-38 орындарды иеленген. Ресей мен Үндістан елдері қатар 80-79 орындарға орналасыпты. Аталған зерттеуге қарағанда, Қытайдың да мемлекеттілігі мәз емес – 62-орын. Ал посткеңестік елдердің қатарынан мемлекеттілігі берік қос ел ретінде Қазақстан мен Украина көрсетіліпті – 103,109 орындар.