Полицейлер балағат сөз айтса қайда арыздану қажет?
Желіде Шымкентте жергілікті полицейлер көлік жүргізушісін балағаттаған видео тараған еді. Осындай жағдайда азаматтар не істеуі керек? Tengrinews.kz тілшісі заңгер, "Қарапайым құқық" жобасының авторы Нұрсұлтан Орынбековпен сөйлесті.
Заңгердің айтуынша, қызметін орындау барысында полицейлер ешқашан дөрекі әрекет танытпауы керек, мұндай жағдайға жол бермеуі қажет.
"Бұл әрекет азаматтардың құқықтық талаптары жағынын заңбұзушылық. Себебі азаматтардың ар-ожданына нұқсан келмеуі қажет. Мемлекеттік қызметкер, полицей, кімнің тарапынан болса да, азаматтың ар-ожданына нұқсан келсе, заң алдында бәрі бірдей жауап береді. Азаматтар ешқандай кедергісіз шағымдана алады. Бірақ шағым дәлелді түрде болуы керек", - деді маман.
Нұрсұлтан Орынбеков жәбірленуші ең алдымен не істеуі қажет екенін түсіндіріп берді.
"Полицейлер дөрекілік танытып, балағаттаса, дәлелдеу үшін видео немесе аудио керек. Осы дәлелдер арқылы ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментіне хабарласа алады. Әр өңірде Өзіндік қауіпсіздік басқармасы, олардың жеке нөмірлері бар. Бірақ ортақ нөмір - 1402 немесе 8 (7172) 71-41-09). Азаматтар дәлелдері болса, осы байланыс нөмірлеріне хабарласа алады. Сондай-ақ, барлық дәлелмен бірге министрдің блогына, eotinish.kz сайтындағы "Шағым" бөліміне арыз жаза алады", - деп түсіндірді заңгер.
Заңгер жағымсыз сипаттағы ақпарат тез қарастырылатынын айтты. Сонымен қатар, ол мүмкіндік болмаса, 102 нөміріне хабарласса оператор қажет органға жолдайтынын жеткізді.
Нұрсұлтан Орынбеков дәлелдейтін видео, аудио болмаса не істеу керегін түсіндірді.
"Шағымданатын адамда аудио немесе видео түрінде дәлел болмаса, полицейлердің арнайы киімінде видеотіркегіштері болады. Шағым түскен жағдайда, Өзіндік қауіпсіздік департаментінің мамандары сол видеоны полициядан талап етіп, қарай алады. Былапыт сөз айтқаны расталып, дөрекілік танытса, кейін азамат шағым түсірсе, сол бойынша тексеріс жүргізіледі. Бәрі жай сөзбен, телефонмен емес, арыз-шағым түрінде болғаны дұрыс. Сондықтан азаматтар сауатты түрде жүзеге асыруы қажет. Арыз жазса, арыз нөмірін, түбіртегін алуы керек", - деп түсіндірді заңгер.
Сонымен қатар, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков бұл жағдайда азамат моралдық шығын өндіре алатынын айтты.
"Моралдық шығын мәселесін сот шешеді. Азаматтар белгілі бір қаражатты көрсетіп, шығынды талап ете алады", - деді маман.
Заңгер қандай жағдайда шығынды өндіре алатынын түсіндіріп берді.
"Моралдық шығынды өндірудің де өзіндік жолдары бар. Ауыр түрде психикасына зияны тисе, қоғам алдында, әріптестерінің алдында, көпшілік алдында ар-ожданына нұқсан келсе немесе психологтың көмегіне жүгінсе, қан қысымы көтеріліп, денсаулығына кері әсері болып, ауруханаға барса, мұның барлығының құжатын тапсырса, өндіріп алу процесі сот арқылы жүреді. Қандай бап бойынша өндіріп алады, бәрі сот шешімі арқылы жүзеге асады", - деді ол.
Сонымен қатар, маман бұл кейде арандату болуы мүмкін екенін де айтты.
"Бұл жерде екі мәселені анықтау қажет. Кейбіреулер арандатып, бұл жағдайды видеоға түсіріп жатады. Бұл жағдайда полицей балағаттап, дөрекілік танытпауы мүмкін. Кей жағдайда ескерту жасап немесе олай істеуге болмайды деп түсіндіреді. Ал бұл жайт азаматқа ұнамауы мүмкін. Осындай жағдайда полицей де ҚР азаматы ретінде ар-ожданына нұқсан келтіргені үшін шағымдана алады. Халықтың бәрі момын, полицейлер залым деген ойдан алыс болу керек. Бұл полицейдің жеке кәсіби дағдысына, психологиялық күйіне байланысты болады", - деді ол.