Менің білгім келгені, көп пәтерлі үйдің подьезінде орналасқан пошта жәшіктері кімнің иелігінде болады? Ол ортақ меншік болып санала ма, әлде әр тұрғын өз жәшігінің иесі болуы тиіс пе? Егер тұрғындардың көбі пошта жәшіктерін алып тастаймыз деп шешіп, бірақ оған қалған тұрғындар қарсы шықса, не істеуге болады?
Әтіркүл, Алматы қаласы
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2 бабының 24 тармақшасына сәйкес, абоненттік почта жәшіктері кондоминимум обьектісінің бір бөлігі болып табылады және сәйкесінше кондоминимум обьектісі қатысушыларының ортақ меншігі болып табылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 34 бабының 1 тармағына сәйкес, үй-жайлардың барлық меншiк иелерi – кондоминиумға қатысушылар ортақ мүлiктi басқаруда тең құқыққа ие болады. Аталған баптың 4 тармағына сәйкес, үй-жайлардың иелерi ортақ мүлiктiң өздерiне бекiтiлiп берiлген пайдаланылуы шектеулi бөлiгiн үй-жайлар иелерiнiң келiсiмiнде не кондоминиум объектiсiн басқару органының шешiмiнде белгiленген ережелермен пайдалануға құқылы.
Абоненттік почталық жәшіктер кондоминимум обьектісінің бөлігі болып табылатындықтан, аталған нормаларға сәйкес почталық жәшіктерді алып тастау, өзгерту, көшіру тек олардың келісімімен жүргізіледі. Келісім барлық меншік иеленушілердің келісімін білдіреді. Егер де меншік иеленушілердің біреуі болсын подьездегі почталық жәшіктердің алынуына қарсы болса, онда келісім жеткізілген жоқ деп саналып, және почталық жәшіктерді алуға тыйым салынады.