Көктем шыққалы еліміздегі плотина-дамбалардың санына алаңдайтын болдық. Жалпы, елімізде қанша плотина бар?
Серік БАЙЗАҚОВ, Алматы
Біз бұл жайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Елдар Райымбековке хабарласқан болатынбыз. Алайда ол: «Біз бұл туралы ақпарат бере алмаймыз. Өйткені қазір барлық суқоймаларына тексеру жүргізіліп жатыр. Ақпараттарды енді жинап жатырмыз», – деді. Берілген жауапқа қанағаттанбай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне де хабарластық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметкері Ғали Әбжани: «Еліміздегі барлық плотиналар стратегиялық объектілерге жатады. Олардың қай жерде, қалай орналасқанын айтуға болмайды. Себебі мемлекеттік құпия болып табылады», – деді. Бір қызығы, Қазақстандағы «мемлекеттік құпия» болып саналатын және көбі жекеменшікке сатылып кеткен объектілердің тізімін сонау мұхиттың арғы жағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының таратқан мәліметтерінен таптық. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сенсек, елімізде ірі саналатын 61 плотина-дамба бар екен.