Піскен жұмыртқа мен шикі жұмыртқаны бір-бірінен қалай ажыратуға болады? Және жұмыртқа түсінің оның сапасына қатысы бар ма?
Әли БЕКОВ, Семей қаласы
Шынында да, өте қызық сұрақ. Сыртынан қарағанда, бүтін күйінде қайнатылған жұмыртқа мен шикі жұмыртқаның ешқандай айырмашылығы жоқ секілді. Дегенмен айырмашылығын білуге де болады екен. Піскен жұмыртқаны шыр айналдырғанда шикі немесе шала қайнатылған жұмыртқаға қарағанда жылдам айналады екен. Себебі шикі жұмыртқаның ортасында белгілі бір ауырлық түсу орталығы болмағандықтан, ондағы сұйықтық шайқалып, барлық инерцияны тежейді. Ал піскен жұмыртқаның іші тығыз болғандықтан, бір орында жақсы айналады. Жұмыртқаның құрамында өте көп мөлшерде ақуыз және біршама дәрумендер бар. Әсіресе жұмыртқаның сарысы адам ағзасына өте қажет және басқа азық-түліктерде өте сирек кездесетін D дәруменіне бай. Ал жұмыртқаның түсі оның сапасына, құрамындағы қоректі заттарға байланысты емес. Жұмыртқа өндіруден әлемде Қытайға жететін ел жоқ. Мұнда жылына 160 миллиард жұмыртқа шығарылады. Бір тауық жылына 250 жұмыртқа бере алады екен. Үй құстарының ішіндегі тауықтың 150 түрі бар. Тарихи деректерге сүйенсек, тауықтар осыдан 6000-7000 жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азияда және Қытайда қолға үйретіле бастаған екен. Ал әзірге «Тауық пен жұмыртқаның қайсысы бірінші пайда болды?» деген сұраққа жауап табыла қойған жоқ.