Қазіргі кезде «персона нон-грата» деген сөзді оңды-солды көп қолданып жүр. Бұл ұғымның түпкі мағынасы қайдан шыққаны туралы айтып бересіздер ме?
Қайрат Базаров, Орал қаласы
Негізінде, бұл – дипломатиялық термин. Persona non grata – латын тілінде «қажетсіз адам» дегенді білдіреді. Дипломатиялық тәжірибеде дипломатиялық өкілге шетел үкіметі оның келуіне агремандық бермей, сенімсіз, қажетсіз деп жариялауын «нон-грата тұлға» деп атайды. Егер шетелде қызмет етіп жүрген елші ағат кеткені, тыңшылық жасағаны немесе тұрып жатқан елдің заңын бұзғаны үшін нон-грата деп жарияланса, ол дереу еліне қайтарылуы тиіс. Қазіргі кезде бір елдің ар-намысына тиетін мәлімдемелер жасайтын кейбір сүйкімсіз саясаткерлерді «нон-грата адам» деп атап, босағасынан аттатпайды. ТМД бойынша «нон-грата адам» деп жарияланған сүйкімсіз саясаткерлердің қара тізімінен көз сүрінеді. Украина Ресей депутаттары Владимир Жириновскийді, Константин Затуллинді, тележурналист Михаил Леонтьевті, саясаттанушы Александр Дугин мен Глеб Павловскийді «нон-грата адам» деп жариялады. Ал Ресей оған жауап ретінде украиналық шенеуніктер Петр Порошенко мен Николай Жулинскийге сенімсіздік танытқан болатын. Сол сияқты Латвияның Борис Березовский, Дмитрий Рогозиндерге есігі тарс жабық. Әзірбайжан Таулы Қарабаққа бола ресейлік әншілер Надежда Бабкина, Катя Лель, Валентина Легкоступова, Александр Песков, Ирина Отиева, «Чай вдвоем» тобына жылы қабақ танытпай қойды. Оны айтасыз, Маргарет Тэтчердің баласы Марк Тэтчерді Монако елі жақтырмайды екен.
Персона нон-грата – сүйкімсіз саясаткер
Последние статьи автора