Жақында мен қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Бір жақсысы, мұнда сауда жасауға өте қолайлы екен. Сондықтан пәтерімнің бір бөлмесін дүкен етіп алсам деген ой келді. Сұрақ: ол үшін міндетті түрде көршілерімнен рұқсат алуым керек пе?
Мақсат, Алматы қаласы
Заңгерлердің айтуынша, тұрғын-үйдің бір бөлігін өзгертудің шарттары ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында көрсетілген екен. Аталмыш заңның 4 бабының 2 тармағына сәйкес, тұрғын үйдi пайдалану оның бұзылуына немесе бүлiнуiне әкелiп соқпауға, басқа тұрғындардың тұру жағдайларын бұзбауға, қоршаған ортаға залал келтiрмеуге тиiс. Заңның 4 бабының 3 тармағы, тұрғын үйдегi тұрғын үй-жайлар мен тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау мен қайта жоспарлауды үй-жай иесiнiң келiсiмiмен және жобаның құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес келуiне жауап беретiн заңды немесе жеке тұлға орындаған жоба болған жағдайда жүзеге асыруға болады. Жобаның мiндеттi талаптарға сәйкестiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган растайды.
Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау жөнiнде нақты атқарылатын жұмыстардың жобаға сәйкестiгi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен меншiк иесi мен жұмысты атқарушы жауап бередi.
Үй-жайларды қайта жабдықтау және қайта жоспарлау басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғайтын жағдайда олардың алдын-ала жазбаша келiсiмi талап етiледi.
Көбінде пәтерлерді қайта жабдықтау коммерциялық қызметпен байланысты болады, оған: дүкендер, офистер және өзге де коммерциялық қызетте қолданылатын обьектілер.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2 бабының 17 тармағына сәйкес, қайта жабдықтау - үй-жайдың (үй-жайлардың) тіршілікті қамтамасыз ету және пайдалану үшін қажетті өзінің функционалдық мақсатының өзгеруіне, технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты өзгертілуі деп саналады.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2 бабының 17 тармағына сәйкес, үй-жайларды (пәтерлерді) өзгерткен (қайта жабдықтаған, қайта жоспарлаған) кезде тұрғын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің міндетті жазбаша келісімі, мынадай:
- өзгерістер тіреуіш конструкцияларды қозғаған;
- өзгерістер ортақ мүлікті қозғаған жағдайларда, талап етіледі.
Жоғарыда аталған өзгерістер өзгертілетін үй-жайлармен (үй бөліктерімен) жапсарлас басқа да үй-жайлар (үй бөліктері) меншік иелерінің ғана мүдделерін қозғаған жағдайда, тек аталған адамдардың ғана жазбаша келісімін алу талап етіледі.