Папуа – Жаңа Гвинея 820 тілде сөйлейді
Әлемде 100-ге жуық тілде сөйлейтін елдер бар деп естідім. Ең көп тілді мемлекетке қай ел жатады?
Гүлназ, Тараз
Әлемдегі ең көп тілді мемлекет – Папуа – Жаңа Гвинея. Өзі шағын ел болғанына қарамастан, папуалықтардың қолданысында 820 тіл бар екен. Қолданыстағы тілдердің көбі тіпті бір топтағы туыс тілдерге жатпайды. Бұл көрсеткіш әлемдегі тілдердің 12 пайызын құрайды. Дегенмен аталған сан әрдайым өзгеріп тұрады. Себебі кейбір тілдер жоғалып кетсе, кейде керісінше жаңадан қосылып жатады. Оның себебі ежелден жергілікті тұрғындардың ел ішіндегі араластығы төменгі деңгейде болған. Шағын ауылдардың өзі орман-тоғайлардың қалың болу есебінен екінші ауыл адамдарымен араласа алмайтын болған. Аталған елде үш мемлекеттік тіл бар: ток-писин, хири-мотуа және ағылшын тілі. Іс жүзінде халықтың 2 пайызы ғана ағылшын тілін біледі. Түрлі ауылдар мен аймақтардың тұрғындары өзара бір тілде сөйлессе өзге аймақтармен араласу үшін мемлекеттік тілдердің бірін меңгеру керек.