Мен бір мекемеде алты жыл жұмыс істеп, енді басқа мекемеге ауысқалы жатырмын. Алдыңғы істеген жұмыс орным бойынша, әртүрлі себептермен соңғы төрт жылдың еңбек демалысын толық алған жоқ едім. Енді басқа мекемеге жұмыс ауыстырып кетуіме байланысты, алғашқы жұмысым бойынша есеп айырысқан кезде есепші «бұрынғы пайдаланбаған еңбек демалысы күндеріне ақы төлемеймін, соңғы жыл үшін ғана төлеймін» деп отыр. Есепшінің осы әрекеті заңды ма?
Құрбан Тоқмырзаев, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарапшы маманның мәліметіне қарағанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 110-бабына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндерi үшiн өтемақы төлемi жүргiзiледi. Өтемақы еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) барлық пайдаланылмаған күндеріне жүргізіледі.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына, оның iшiнде жүктiлiгiне және босануына орай демалыста болған уақытына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Пайдаланбаған демалыс күндерінің саны жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне үйлесімді есептеледі.
Жоғарыда аталған өтемақы төлемін есептеудің тәртібі «Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесін қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2008 жылғы 3 маусымдағы 135-ө бұйрығымен бекітілген.
Пайдаланылмай қалған еңбек демалысына ақы қалай төленеді?
Последние статьи автора