Өзге елдерде метро жолақысы қанша тұрады?
Алматының метросы ашылғанын естіп жатырмыз. ТМД бойынша көп қалаларда метроның бұрыннан бар екені белгілі. Өзге қалаларда қазір метро жолақысының құны қанша? Әлемдегі ең арзан және ең қымбат метролар қандай елдерде?
Абзал Жамбыл, Ақтөбе облысы
Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметінше, біздің валютамен мөлшерлегенде, метрополитендегі жолақы құны Мәскеуде – 145 теңге, Санкт-Петерборда – 140 теңге, Қазанда – 75 теңге, Екатеринбург пен Новосібірде – 70 теңге, Ташкентте – 50 теңге. Әлемдегі ең арзан метро деп мамандар Мәскеу мен Бейжіңдегі жерасты қоғамдық көліктерін айтады. Бейжіңде жолақы құны – 2 юань, әуежайға апаратын бағытында – 25 юань. Дүниежүзіндегі ең қымбат әрі ең үздік метролардың қатарына Лондон, Париж, Мадрид және Мәскеу метрополитендері кіреді. Ал біздің Алматы метрополитенінде бір жолаушыны тасымалдаудың шығыны 407 теңге болғанымен, әрбір жолаушы үшін жолақы құны 80 теңге болып белгіленді. Тұңғыш метро іске қосылған күні оның қызметін 11 мыңға жуық адам пайдаланды. 8000 жетон мен 3000-ға жуық смарт-карта сатылды.