Орталық музей билеті қанша тұрады?
Осы Алматы қаласындағы ҚР Орталық музейінде қандай құндылықтар бар? Алматыға жолым түссе барсам деп едім. Және оған кіру тегін бе әлде ақылы ма, билеті қанша тұрады?
Жанна, Атырау
Жалпы, бұл музей – Алматы қаласының ғана емес, еліміздің ең көрнекті жерлерінің бірі. Қазақ тарихы, қала берді, адамзат тарихына қатысты көптеген сұрақтарға осы жерден жауап таба аласыз. Музей жеті залдан тұрады. Әр залда тарихымыздың кезең-кезеңіне қатысты жәдігерлер жинақталған. Мәселен,1-зал «Палеонтология және археология» деп аталса, 2-зал «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залы», 3-зал «Диаспорология және Қазақстан – ҰОС жылдарында» деп аталса, 4-зал Тәуелсіз Қазақстан тарихынан сыр шертеді. Ал 5-зал «Ашық қор» деп аталады, онда археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде әр кездерде еліміздің әр өңірінен табылған алтын бұйымдардың түпнұсқалары тұр. Ал 6-зал «Академик О.Смағұлов атындағы антропология мұражайы», яғни мұнда алғашқы адамдардың өмірін көз алдымызға елестететін көріністер мен содан бүгінге дейінгі адамзаттың даму эволюциясын көруге болады. Ал 7-зал «Н.Г.Хлудов залы» деп аталады, қазақ жеріне келіп алғаш бейнелеу өнерінен кәсіби дәріс берген суретшінің картиналары қойылған, олар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен салт-дәстүрі, болмысынан сыр шертеді.
Ал мұражайға кіру ақылы: оқушыларға – 50 теңге, студенттерге 70 теңге болса, үлкендерге – 100 теңге. Алайда әр залдың билеті бұл ақыға кірмейді, олардың әрқайсысының билеті – 1000-1300 теңге аралығында. Мұражай тек сейсенбі күні демалатынын ескерте кетейік.