Жақында Қытайда тағы бір індеттің анықталғанын, соған байланысты он мыңға жуық тұрғыны бар тұтас бір қаланы карантинге жапқанын теледидардан естіп едім. Ол жақтағы жағдай қазір қалай екен?
Сәуле Саматқызы, Семей қаласы
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясына қарасты Цзыкэтань қаласындағы карантин тамыздың 9-ы күні алынып тасталған. Жергілікті денсаулық сақтау мамандары мұны жағдайдың бірқалыпқа түскендігімен байланыстырады. Бір аптадан астам уақыт бойы «өкпе обасына» шалдыққандардың жаңа оқиғасы тіркелмепті. Ал ауру жұқтырған тоғыз адам ауруханадан жазылып шыққан көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, шілденің 31-і күні Қытайдың солтүстік-батысында пайда болған жаңа індетке 12 адам шалдығып, үш науқас көз жұмған болатын. Медицина қызметкерлері аса қауіпті инфекцияны жергілікті шопандардың бірі өз итінен жұқтырғанын анықтады. Дегенмен еліміздің Қытаймен шекаралас өңірлерінде сақтық шаралары жүргізілуде.