Оюына қарап, ұлтын таны
Түбі бір түркі халықтарының тек тілі ғана емес, ою-өрнектері де өте ұқсас келетіні белгілі. Қазақ ою-өрнектерінің басқа түркі халықтарының қолөнерінен ерекшеленетін белгілі бір айырмашылығы бар ма?
Дәурен ЕРМЕКБАЕВ, Алматы қаласы
Түркілер – ою-өрнекті айрықша қастерлеген халық. Бір қызығы, бас киімдегі ою-өрнектерге қарап-ақ түркі халқының ұрпақтары – кімнің қазақ, кімнің өзбек, ұйғыр, татар, тәжік, қырғыз екенін осы аталған бір туысқан жұрттың кез келген өкілі жазбай таныған. Мысалы, қырғыздарда «кочкар муйуз», «теке муйуз», «толкун», ұйғырларда «бадам», «гүл бадам», «шәудә», өзбектерде «пахтагул», «бодам» сияқты ою-өрнек түрлері бар. Ал қазақтар оюды сипатына қарай теңдеме, жүздеме, сыңар ою деген топтарға бөледі. Қазақ халқының ою-өрнегіндегі ең негізгісі — «қошқармүйіз» немесе «мүйіз». Осы «мүйіз» өрнегінің өзі бірнеше түрге бөлінеді: сыңар мүйіз, сынық мүйіз, қырық мүйіз т.б. Бір сөзбен айтқанда, «мүйіз» өрнегінің ел тұрмысында араласпайтын саласы жоқ. Қазақ халқы ұлттық киімді әшекейлеуге барынша ықылас аударған. Мәселен, баскиімде кездесетін ою-өрнектер сырт киімде немесе басқа киімдерде қолданылмаған. Мұның өзіндік себептері де бар. «Ит құйрық» аталатын өрнек ешқашан баскиімдерге қолданылмаған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Бұл өрнек «дұшпаның төмен болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына өрнектелген. Қыз балалардың бешпетіне, көйлегіне гүл тәрізді немесе қарлығаш секілді өрнектер бейнеленген.