Нотариус тарифі төмендеді
Өткенде бір құжатты куәландыру үшін нотариусқа бардым. Бір парақ үшін 500 теңгедей төледім. Жеке нотариустың қызметі неліктен осынша қымбат? Қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
Жұмагүл АСҚАРОВА
Биылдан бастап елімізде жеке нотариустың қызмет тарифі едәуір төмендейді. Алдағы 16 қаңтарда күшіне енетін «Нотариат туралы» заңға енгізілген түзетулер жеке нотариустарға төленетін ақыны да қарастырады.
Айталық, Ұлы Отан соғысына қатысқандар және оларға теңдестірілген тұлғалар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала жастан мүгедек деп тіркелген жанның ата-анасының біреуі, «Батыр ана» атағын иемденген, «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, созылмалы жүйке ауруына шалдыққандар, осы түзетулерге сәйкес, тегін нотариалдық қызметке қол жеткізеді.
Одан басқа зейнеткерлер жеке нотариусқа мемлекеттік баж көлеміне сәйкес тарифтермен төлейді, бұл қазіргі бағаға қарағанда төмен. Мәселен, сенімхатты куәландырғаны үшін зейнеткер – 162 теңге (Астанада қазір ол үшін 336 теңге де төлейді), құжаттың бір парақ көшірмесі үшін – 81 теңге (281 Т), мұрагерлікке куәлік алу үшін 1618 теңге (16180 Т) төлейтін болады. Нотариалдық куәландыруға жатқызылатын құжатты өздері дайындап әкелгендер де осындай бағамен төлейді. Ауыл тұрғындарына да тарифтерді 50 пайызға төмендету белгіленген.
Нотариалдық тарифтер туралы ақпарат нотариалдық кеңселерде ілінеді. Нотариус тарифті көтерген жағдайда жергілікті әділет органдарына және нотариалдық палаталарға шағым түсіруге болады.