Негізгі артықшылығы неде?
Әбілхан Қастеевтің суретші ретіндегі басты артықшылығы неде? Сондай-ақ ол еліміздің Суретшілер одағын басқарған кезінде қандай игі істерге ұйытқы болған?
Берік АСАНТАЙ, Талғар
Әбілхан Қастеев – туған халқының өнерін өркендетуге жанын сала қызмет еткен ұлы тұлға, Қазақстан қылқалам шеберлерінің арасында бірінші болып Халық суретшісі атағын алған классик суретші. Жалпы, ол акварельмен, майлы бояумен, графикалық тұрғыда мыңнан астам туындыны өмірге әкелген. Сол туындыларда Қазақ елінің болмыс-бітімі, басқа елдерге ұқсамайтын бояуы өте нәзік те лирикалық негізде жеткізілген.
Әбілхан Қастеев 1954–1956 жылдары Қазақстан Суретшілер одағын басқарды, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Суретші осы лауазымын пайдаланып, жас суретшілерге үлкен қамқорлық жасады. Олардың Мәскеу, Ленинградта білім алуына, шеберхана мен үй-жай алуына мүмкіндігінше көмектесті. Осындай үлкен жүректі суретші қазақ бейнелеу өнерінің өзгеше дамуына, ұлттық бет-бейнеге ие болуына игі ықпалын тигізді.