Неге компьютер мен теледидар көзге зиян дейді?
Компьютер мен теледидар көздің көруін нашарлататыны рас па?
Зоя, Талғар қаласы
Мамандардың айтуынша, көзге электрмагниттік толқындар, тым жақыннан көрсетілген суреттер, жап-жарық сәуле жүк түсіреді. Көк-күлгін түстердің көптігі де көзге кәдімгідей күш түсіреді екен. Дегенмен қауіпсіздік шаралары барынша қамтамасыз етілетін заманауи теледидарлар көзге соншалықты қауіпті деу қиын. Бәрі теледидар не компьютердің алдында қанша уақыт өткізетініңізге байланысты. Компьютерге тым жақын отырып, кірпікті сирек қағу көзге зиянын тигізеді. Егер экран алдында бес-алты сағаттан көп отыратын болсаңыз, экран мен сіздің арақашықтығыңыз үш метр болсын. Компьютердің алдында адам кірпігін сирек қағатындықтан, арнайы көзілдірік кигені жөн. Линзаны компьютер алдында киюге болмайды. Компьютер көзге зиян келтірмес үшін мамандар мынадай кеңес береді:
1.Отырған бөлмеңіздегі шам көзге шағылысатындай жап-жарық болмағаны дұрыс. Экраныңыз анық болуы керек. 2.Монитор терезеге жақын жерде тұрса, терезеде жалюзи болғанын қадағалаңыз. Жарықтың экранға оң жақтан түскені дұрыс. 3.Монитордың жоғарғы жағы көзіңізден төмен орналасуы керек. 4.Экран мен көзіңіздің арасы 50-70 см болғаны жөн. Қолыңызды созған кезде, қолыңыз мониторға сәл-пәл жетпей тұруы керек.