Нарық тілінің жаңа терминдері
Соңғы кездері ақпараттық технологияға байланысты көптеген жаңа термин пайда бола бастады. Соның бірі – краудсорсинг. Осы краудсорсинг дегеніміз не?
Диана Сәбитқызы, Алматы қаласы
– Краудсорсинг терминін тәжірибеге 2006 жылы ағылшындық Джефф Хауи деген жазушы енгізіпті. Краудсорсинг(crowdsourcing) сөзін ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда – топтың (жұрттың) ресурстарын пайдалану (crowd – «топ, жұрт», outsourcing – ресурстарды пайдалану). Бұл «аутсоринг» түсінігімен ұқсас. Ал краудсорсингтің ерекшелігі – жобаға тек сарапшылар мен білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар елінің болашақтағы тағдырына бейжай қарамайтын, қызық идеялары мен өз ойларымен бөлісуге дайын қарапайым интернет тұтынушылардың тартылуы.
Қорыта айтқанда, краудсорсинг – бірлесіп қызмет жасау үшін ғаламтор арқылы көптеген адамдарды белгілі бір жобаға тарту, көпшілік идеясы негізінде белгісіз тұлғалар тобына белгілі бір өндірістік қызметтерді беру.
Қазақстанда краудсорсинг жобасын алғашқы болып «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы бастаған екен. Қолда бар әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, отандық нарықта жаңа IT-жобаларын жасау және оны алға қарай дамыту үшін ғаламтор арқылы стандарттан тыс идеялары мен ұсыныстары бар белсенді, креативті адамдарды іздестіру үшін «Телеком-21» жобасы ұйымдастырылған-ды.