Нәрестені қырық күнге дейін бөтен көзден қорғау керек
Алла қаласа, жақында жұбайым босанады. Бұл – біздің тұңғышымыз. Сондықтан сәбиге қатысты кейбір ырым-жоралғыларды біле бермейміз. Мәселен, үлкен кісілер сәбиді қырқынан шыққанша ешкімге көрсетпеу керектігін айтады. Мұның себебі неде?
Арман БАЙҚУАТОВ, Алматы қаласы
Қазақ – ырымшыл халық, сондай-ақ ата-бабаларымыз ұлттық әдет-ғұрыптарды да қатаң сақтаған. Соның ішінде, әсіресе, нәрестеге байланысты ырымдар жетерлік. Үлкен кісілердің айтқаны рас, баланы қырқынан шықпай тұрып, оны көпшіліктің көзіне түсіруге болмайды. Сәбидің жанында көбіне өзінің анасы болуы керек. Ал жасы ұлғайған ата-әжелердің жанында көп болуына болмайды. Себебі жасы ұлғайған қарттардың денсаулығында қандай да бір ақаудың болатындығы белгілі. Сақтық мақсатында осы жағдайға көңіл бөлген дұрыс. Улап-шулаған жас балалар сәбидің мазасын алмас үшін тыныштық сақтауға да назар аудару керек. Сәбидің жанында ұрыс-жанжал болмауы керек. Сәбиді емізгенде шаш жалбырап, нәрестені шошытпағаны дұрыс.