Мұхамед-Салық Шоқанмен түйдей құрдас
Мұхамед-Салық Шоқан дәуірінде өмір сүріп, сол секілді көп өмір сүрмегені белгілі. Екеуінің жас ерекшелігі қандай еді?
Нәзира, Қызылорда
Тарихшы-журналист Т.Боранғалиұлы «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Мұхамед-Ханафия мен Мұхамед-Салық» атты мақаласында былай жазады: «Шоқан мен Салықтың жас шамаларын айқындайық. Шоқан жөнінде талас жоқ, ол 1835 жылы дүниеге келген. Салықтың туған жылын әркім әртүрлі жазып жүр. Оны көбірек зерттеген М.Ысмағұлов нақты дәлел айтпаса да, туған жылын 1831 жыл дейді. Ол туралы очерк жазған Н.Ивлев, мұрасын жинақтаушы Х.Маданов 1830 жылды атайды, Т.Сенигова энциклопедияға 1832 жылды енгізіпті. Бірақ туған жылын адамның өзі жақсырақ білуі заңдылық қой. Салықтың өзі: «Бұл 1845 жылдың басындағы қыс еді. Кейін біраздан соң бізді жазғы шілде айында Орынборға жібереді деп естідік. Келісім бойынша, 1 шілдеде Тарғын өзенінің бойындағы ханның жазғы жайлауына жиналдық. Ол кезде менің жасым 11-де болса да, бізді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде», – деп, Жәңгір ханның балаларды оқуға аттандыруды елдің тойы ретінде өткізгенін тәптіштеп жазады.
Жасым 11-де десе, не 1834 жылы, не 1835 жылдың басында туған болады. Салықтың бұл жазбалары «Северная пчела» газетінің 1861 жылғы 5 қаңтарындағы нөмірінде «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» деген атпен жарияланғанын айтсақ, бұл құжатқа жарарлық нәрсе емес пе?! Ендігі күдік 1834, әлде 1835 жылдың қайсысында туған дегеннің төңірегінде болмақ. (Сауалға тарихшы Тілеу Көлбаев жауап берді).