Мұрагерлікті қалай рәсімдеуге болады?
Мұрагерлікті иелену үшін берілетін куәлікті қай жерден алуға болады? Егер куәлікке қол жеткізсем, қандай мерзім ішінде жылжымайтын мүлікке өз құқымды тіркей аламын?
Назар СҰЛТАНҰЛЫ, Алматы қаласы
Мұрагерлікті иелену куәлігін алу үшін сіздің мұрагерлікті ашу орны бойынша кез келген нотариуске баруға құқығыңыз бар. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1043-бабына сәйкес, мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса, мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады. Мұра қалдырушының мүлік құжаттары рәсімделмеген немесе ресімдеуде болса, нотариус Азаматтық кодекстің 1040-бабына сәйкес, мұрагерге меншік құқығын тіркеу үшін тіркеу органына жүгінуге, құрылысты пайдалануға тапсыруға, уәкілетті органға жер учаскесі актісін, басқа да мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді алуға құқық туралы куәлік береді. Бұл құжаттар мұра қалдырушының құқығын тіркеуге жүгінуге негіз бола алады. Алайда мұрагерлердің құқық белгілеуші құжаты болып саналмайды. Мұрагерлер мұраға құқығы туралы куәлігін ұсына отырып, алты ай мерзімнен кешіктірмей жылжымайтын мүлікке өз құқығын тіркеуге міндетті.