Мұрагерлік мүлік қалай бөлінеді?
Әжем қайтыс болды. Оның екі бөлмелі пәтері бар. Ол қайтыс болар алдында ешкімге өсиет қалдырмаған. Оның жалғыз баласы – менің әкем апамның алдында дүние салды. Қазір апамның пәтерін оның аға-інілері бөлісе алмай жүр. Заң бойынша апамның пәтері кімге өтуі тиіс?
Алмат, Талдықорған
Заң ғылымының докторы, профессор Арықбай Ағыбаевтың айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 1060-бабына сәйкес, заң бойынша мұрагерлер осы кодексте көзделген кезек тәртібімен мұрагерлікке шақырылады екен. Ал Азаматтық кодекстің 1061-бабы бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, оның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы тең үлеспен алады. Осы баптың 2-бөлігіне сәйкес, заң бойынша бірінші кезек ретінде мұра қалдырушының немерелері мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады.1061-баптың 2-бөлігінде белгіленген норма тек осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген мұрагерлер мұра ашылғанға дейін немесе мұра қалдырушымен бір мезгілде қайтыс болған жағдайда ғана қолданылады. Яғни апаңыздың жұбайы, ата-анасы болмаса және жалғыз баласы оның алдында қайтыс болса, онда заң бойынша апаңыздың мүлкі оның жалғыз баласының балаларына (немерелеріне) өтуі тиіс. Сондықтан егер сіз апаңыздың жалғыз немересі болсаңыз, онда апаңыздың пәтері сізге өтеді.