Мүгедектікке байланысты жұмыстан босату заңды ма?
Мен теміржол cаласында жұмыс істеп жүріп ауырып, ІІІ топтағы мүгедек болып қалдым. Мүгедектігіме байланысты мені жұмыстан босатып отыр. «Сізге бұл салада жұмыс істеуге болмайды», – дейді. Жұмыс берушінің осы әрекеті заңды ма?
Қайырбек ҚАЙСАРОВ, Жамбыл облысы
ҚР Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, өзінің жұмысын жалғастыруына денсаулық жағдайының кедергі келтіруі салдарынан қызметкер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген жағдайда жұмыс беруші онымен еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұза алады делінген.
Кодекстің 56-бабының 3-тармағына сәйкес, осы Кодекстiң 54-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, еңбек шартын бұзу үшiн қызметкердiң осы жұмысты жалғастыруына кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен медициналық қорытындымен расталған болуға тиiс.
Демек, жұмыс берушіңіздің сізбен еңбек шартын бұзуы сізге қатысты осындай медициналық қорытынды шығарылған жағдайда ғана заңды болып табылады.
Осы ретте сіз мекемеңіз орналасқан жердегі Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жазбаша арыз жолдағаныңыз жөн. Бұл жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушіңіздің әрекетінің заңдылығын анықтайтын болады.