Мүгедектік жәрдемақы мен зейнетақы қоса төлене ме?
Менің анам Казгидрометте техник-радиооператор болып жұмыс істеп жүріп, 1989 жылы мүгедектікке шығуына байланысты жұмыстан босатылған. Жалпы еңбек өтілі – 12 жыл. Осы жылдың соңында 58 жасқа толады. Осы орайда менің білгім келгені, зейнеткерлікке шыққанда, қазіргі алып отырған жәрдемақысына қосымша ақы қосыла ма? Оған зейнетақы қалай тағайындалады?
Әлия, Алматы облысы
Сарапшы маманның мәліметінше, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы заңының 9-бабына сәйкес, әйелдерге 58 жаста жасына байланысты зейнеткерлікке шығу құқығы көзделген. Әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін толық көлемінде тағайындау 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде 20 жыл еңбек өтілі болған жағдайда қарастырылған.
Занның 13-бабына сәйкес, еңбек кiтапшасы жоқ немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттардың негiзiнде не сот шешімінің негізінде анықталады. Заңның 9 – бабы, 6 – тармағына сәйкес, толық емес көлемдегі жасына байланысты зейнетақы төлемдері ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен толық зейнетақыдан 1998 жылғы 1 қаңтарда болған еңбек өтіліне пара-пар үлес ретінде есептеу қаралған.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес, егер Орталықтан және жинақтаушы зейнетақы қорларынан берілетін жиынтық зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектердің тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшерінен кем болса, жәрдемақы төлеу зейнетақы төлемдеріне мүгедектердің сол санаты үшін белгіленген жәрдемақы мөлшеріне дейін жеткізілген тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі.